Popis: |
"Мақалада фольклордың зерттелуі, жинақталуы мен жариялану тарихын фольклорлық жүйеде қарап, ондағы жанр, сюжет, мотив, кейіпкер мәселелеріндегі ортақ белгілерді тауып, ғылыми тұрғыдан пайымдау мақаланың мақсаты мен міндеті болып табылады. Бекмұрат Уахатовтың фольклортанудағы үйрену, меңгеру, сіңдіру, қайта жаңғырту үдерістеріндегі даралық қолтаңбасы айқындалды. Фольклортанушы ғалым фольклорлық шығармалар типологиясын әдебиеттану ғылымының тәжірибесі негізінде классификациялап, өзіндік ғылыми тұжырым жасайды. Фольклорлық мұралардың генезисі, тарихилығы, жанрлық белгілері арасындағы генезистік, тақырыптық және сюжеттік ұқсастықтар негізінде қалыптасқанын дәлелдейді. Сондай-ақ фольклор жанрларын әдебиеттану тұрғысынан классификациялауда зерттеу нысанына байланысты айтылған тың ойларға сараптама жасалынады. Қазақ және туысқан шығыс халқының материалы негізге алына отырып, өзара әрі әлемдік үлгілермен кешенді салыстырылып, фольклорлық шығармалардың түрлері, шығу тегі, образдардың қалыптасу эволюциясы фольклорлық заңдылықтар мен құбылыстар аясында жүйелі тексеріледі. Сонымен қатар салыстырмалы мәтіндік талдау, жүйелеу әдістері, сондай-ақ тарихи-типологиялық, тарихи-генетикалық әдістер қолданылады. Фольклорлық шығармалардың сюжеттік және композициялық құрылымы, кейіпкерлерді суреттеудің тәсілдері, анимистік, тотемдік, магиялық нанымдардың көркем фольклорда өзгеріске түсіп, қолданылу ерекшелігі, тұтастану құбылысының сипаттары мен түрлері т.б. зерттеулер қамтылған." |