Popis: |
"Қазіргі таңда лингвистика ғылымының даму сатысында үш түрлі ғылыми парадигма ажыратылып отыр: салыстырмалы-тарихи, жүйелі-құрылымдық және антропоцентрлік. Тіл білімі саласында, яғни жекелеген тіл біліміндегі көптеген зерттеулерде антропоцентристік парадигма басымдылыққа ие болып отыр. Неге десеңіздер, лингвистикадағы антропоцентристік принцип бастысы тілді пайдаланушы ұлтты бірінші орынға қояды. Антропоцентристік парадигма өз алдында этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, лингвопсихология сияқты жаңа бағыттарға жол ашады. Антропоцентристік бағыттағы жаңалықтар ең бірінші қабылдау, ойлау, тіл, есте сақтау, әрекет ету сияқты адамзаттың когнитивтік құрылымына ерекше қарап, ден қоя бастады. «Қабылдау», «ойлау», «тіл» және тағы басқалары когнитивтік ғылым саласында бұрындары да зерттеліп келген. Бірақ жалпы есім деңгейінен шығып, жалқы есім деңгейнде бір мақсат, бір міндет аясында бір-бірімен тығыз байланыста қаралмаған еді. «Қоршаған шындық өмірді саналы түрде тану мен адам тәжірибесін категориялау тілмен байланысты болып келеді, өйткені адамның когнитивтік қызметі барысында алынған мазмұндық ақпарат тілмен тілдік формаларда көрініс тауып, сөйлеу арқылы білдіріледі. Диалектикалық формадағы когнитивтік процестер тілмен тығыз байланысты, оның себебі тіл адамдардың қоғамдық тәжірибесі мен дүние туралы білімдерін бекітіп отырады. Ал біздің сана құрылымы туралы білгендеріміз тек қана тілге байланысты, тіл осы құрылымдар туралы хабарлауға және оларды кез келген табиғи суреттеуге мүмкіндік береді» [1,21]. Осыған негізделе отырып, тілді зерттеудің когнитивтік парадигмасы тіл мен ойлаудың арасында теңдік қоймайды. Сонымен қатар тілдің ойды ұйымдастырушылық қызметін атап айтады. Бұл байланыста тілдің таңбалық жүйесі арқылы грамматикалық байланыстар, категориялар, модельдер түрінде біртұтас тілдік құрылым қалыптасады. Мақалада «тіл», «ойлау», «ми» ұғымдарының байланысы, нейролингвистиканың негізгі мәселелерінің бірі екендігі қарастырылады. Кілтті cөздeр: тіл, ойлау, нeйрoлингвиcтикa, кoгнитивті зeрттeулeр, ми. " |